Ұнатпаймын мезгілсіз өлімді мен,
Өмірімнен ешқашан түңілмегем,
Ұнатпаймын кез-келген күнімді мен,
Айта алмасам ән шырқап, көңілді өлең.
Ұнатпаймын арсыздың кекеткенін,
Желігіне сенбеймін желөкпенің,
Ұнатпаймын жат төніп иығымнан
Хаттарыма сұқ көзін жүгірткенін.
Ұнатпаймын тірлікті, болса шала,
Біреу бөлсе сөзімді орта жолда,
Ұнатпаймын, атылса арқадан оқ,
Бетке атылған оқты да жақтағым жоқ.
Жек көремін өсекті «ақпар» десе,
Күдік жесе, оқыстан құрметтесе,
Теріс тарап барқытты тықырлатып,
Темірді алып әйнекке үйкей берсе.
Ұнамайды тоқ көңіл жайбасарлық
Тоқтай алмай соқтыққан маған артық!
Әттеген-ай «ар» сөзі ұмыт болып,
Ғайбат сөздің мерейі барад артып...
Сынық қанат, құм жігер, көрсем егер,
Ауырмайды жүрегім, деме бекер-
Ұнатпаймын зорлық пен сорлылықты,
Тек азабы Исаның өзекті өртер.
Ұнатпаймын өзімді - үрейленсем,
Жазықсыздар сабалса, түседі еңсем,
Ұнамайды ішіме кіріп алып,
Тұнығыма түкіріп кете берсең...
Ұнамайды алаңдар жанталасқан,
Бір теңгеге миллион теңге алмасқан,
Әлі талай өмірім өзгерсе де,
Ұнатпаспын бұларды мен ешқашан.
|